RU
К.Тұрысов атындағы геологиялық барлау институтының даму тарихы

1932 жылы КСРО-ның Геология комитеті Семей қаласында жұмыс істеп тұрған геологиялық барлау факультетінің негізінде Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орнын. Қазақ геологиялық барлау институты құрды. Дәл осы жылы «Гидрогеология және инженерлік геология» мамандығы бойынша институтқа алғашқы 18 студент қабылданды. 1934 жылы геологиялық барлау институты Қазақ кен-металлургия институты болып қайта құрылып, Алматыға көшірілді. Алғашқы оқу жылында институттағы 10 кафедрада 22 оқытушы студенттерге білім берді. Олардың алтауы профессордың, тоғызы доценттің қызметін атқарды және, жетеуі ассистент еді. Атап айтқанда оқу процесінің алғашқы ұйымдастырушылары мен оқытушылары:
С.В.Окремешко – профессор, инженерлік-гидрогеология бөлімін институт құрылғаннан бастап 1936 жылға дейін басқарған гидрогеология және инженерлік геология саласындағы жетекші мамандардың бірі;
Б.Ф.Меферт – Донбасс пен Кавказ геологиясын зерттеген көрнекті ғалым, тарихи геология, палеонтология және КСРО геологиясы курстарын оқыған профессор; Н.К.Скаковский – профессор, барлау ісі кафедрасының меңгерушісі әрі директордың оқу және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары болған. Ленинград тау-кен академиясының 1929 жылғы түлегі.
Бұлармен қатар профессор Г.Ф.Ключанский, доцент Х.Т.Бектасов, Е.Г.Кондрахина, В.Р.Штам, О.А.Линчевская, М.В.Неудачиналар жұмыс істеді. 1936 жылдың мамыр айынан бастап «Рудалы кен орындары» кафедрасына профессор В.А.Глазковский жетекшілік етті. 1934 жылы Ленинград тау-кен институтын кен инженері-барлаушы мамандығы бойынша бітірген ол, сонымен қатар, директордың оқу және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары болды.
1936 жылдың басында минералогия кафедрасының меңгерушісі қызметіне Ленинград тау-кен институты мен КСРО Ғылым академиясы жанындағы аспирантураны бітірген доцент В.И.Попов тағайындалды.
1936 жылдың мамырынан петрография кафедрасын Ленинград университеті мен КСРО Ғылым академиясы жанындағы аспирантураның түлегі, доцент В.С.Дмитровский басқара бастады. 1936 жылдың басында «Жалпы геология» кафедрасының меңгерушісі қызметіне Г.Ц.Медоев тағайындалды. Ол 1927 жылдан бастап бүкіл өмірін Қазақстанның жер қойнауын зерттеу мен халық шаруашылығына қажетті жоғары білікті инженер кадрларын даярлауға жұмсады. 1937 жылы «Тарихи геология және КСРО геологиясы» кафедрасының меңгерушісі қызметіне Ленинград тау-кен институтынан профессор Е.Д.Шлыгин ауысып келді. «Петрография» кафедрасының меңгерушісі кен-металлургия институтының кандидаты, доцент В.С.Сергиевский болса, «Инженерлік гидрогеология» кафедрасының меңгерушілігіне профессордың қызметін атқарушы Б.К.Терлецкий тағайындалды.
Алғашқы инженер-гидрогеолог түлектер Қазақ кен-металлургия институтынан 1937 жылдың маусымында түлеп ұшса, 1937 жылдың желтоқсаны – 1938 жылдың қаңтарында алғашқы геолог-барлаушылар бітіріп шықты. Алғашқы түлектердің көпшілігі Қазақстанда жұмыс істеп, кейіннен елеулі табыстарға қол жеткізді.
Г.Н.Щерба – Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Лениндік сыйлықтың, КСРО Мемлекеттік сыйлығының және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері. Қазақстанның алғашқы болжалдық карталарының серіктес авторы. Г.Н.Щерба Ұлттық Ғылым академиясы Қ.И.Сәтбаев атындағы Геологиялың ғылымдар институтында граниттер петрографиясы мен сирек кездесетін металдар металлогениясы бойынша ғылыми жұмыстарды басқарды. Г.Б.Жилинский – Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер. Бірқатар алтын кеніштерін ашқан. Касситериттің жасанды кристалдарын өсіру бойынша маман.
А.С.Богатырев – Қазақ КСР-інің тұңғыш Геология министрі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері.
Н.Н.Костенко – геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор. Бүкіл өмірін Қазақстанның кайнозойлық құрылымдарын зерттеуге арнаған маман.
К.Х.Бакиров – Қазақ ғылыми-зерттеу геологиялық барлау мұнай-газ институтының Ақтөбедегі бөлімшесінің жетекші ғылыми қызметкері. Бірқатар мұнай және газ кеніштерін ашқан.
А.Н.Шубин Қазақстанның гидрогеологиялық қызметін басқарды. Гидрогеологиялық трестің, кейіннен Қазақстанның гидрогеологиялық басқармасының бастығы болды. В.И.Штифанов – Жезқазған геологиялық барлау экспедициясының бастығы, Социалистік Еңбек Ері.
Е.К.Мелиоранская, Г.А.Миненко, П.Н.Кобзарь сияқты мамандар көп жыл өндірісте жұмыс істеп, кейіннен Қазақ минералды шикізат институтында аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. Қазақстанның жер қойнауын зерттеуде А.А.Яренский, Г.Никитин, Н.М.Киселев, И.В.Лубяных, Е.А.Флеров, Н.Ерохиндер үлкен рөл атқарды.
Геологиялық барлау факультетінде 1938 жылдан «Барлау ісі» кафедрасының меңгерушісі пайдалы қазба кен орындарын барлау бойынша ірі маман В.П.Гуцевич болды. «Пайдалы қазбалар» кафедрасының доценті қызметіне пайдалы қазбалар кен орындарының білгірі, энциклопедиялық білім иегері И.И.Бок тағайындалды.
Институтта 1935 жылдан оқытушы болып жұмыс істеген аға оқытушы В.Б.Колпаков 1938 жылдың қыркүйегінен «Инженерлік гидрогеология» кафедрасын басқарды. А.Е.Шлыгин осы жылдан бастап декан болды.
Соғыс басталғанға дейін факультетті 77 геолог-барлаушы мен 52 инженер-гидрогеолог бітіріп шықты. Олардың арасында Қазақ ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, кенді аймақтар мен кен орындарының геологиясы мен металлогениясы бойынша маман, Кенді Алтайдың металлогениялық карталарының авторы әрі редакторы, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі А.А.Каюпов; Қазақстандық геомеханиктер мектебінің негізін қалаушы әрі ұйымдастырушысы, Шығыстың ұлы ойшылы Әл-Фарабидің өмірі мен ғылыми қызметін зерттеген «Әл-Фарабидің космологиясы» монографиясының авторы, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор А.Ж.Машанов; Қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш геология-минерология ғылымдарының кандидаты Р.М.Мұхамеджанова; аймақтық геология мен металлогения бойынша маман, геология-минералогия ғылымдарының докторы М.А.Абдулкабирова; Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақ КСР Ғылым академиясының Геология ғылымдары институты директорының орынбасары, геология-минерология ғылымдарының докторы В.Г.Ли; Оңтүстік Қазақстан геологиялық басқармасының бастығы, Социалистік Еңбек Ері Н.Төкенов бар.
Ұлы Отан соғысының басталуына орай көптеген студенттер, институт түлектері мен оқытушылар майданға аттанды. 1941 жылы Геологиялық барлау факультетін бітірген 25 түлектің жартысынан астамы әскерге кетті. Олардың арасында «Гидрогеология» кафедрасының меңгерушісі В.Б.Колпаков, оқытушылар С.А.Боровинский, М.А.Бурдуков, Б.К.Кораблев, И.С.Михельсон, А.Насырханов, И.И.Радченко, Л.С.Собалев, Б.М.Оразаев, Н.Ф.Федин, С.В.Левин, Г.А.Ярмак және басқалар болды.
Солардың ішінде М.Березовский мен В.Ластовыридің, «Гидрогеология және инженерлік геология» кафедрасының оқытушысы Мұса Құрманғалиевтің есімдері Қазақ Ұлттық техникалық университетінің соғыста қайтыс болғандарды еске түсіруге арналған мемориалдық тақтасында жазылған.
1941 жылғы 25 түлектің бірі М.А.Жуков соғыс даласында Сталинградтан Берлинге дейін жетіп, бес жауынгерлік орденмен марапатталған. Ол 1947 жылы Қазақ Кен-металлургия институтына қайтып оралып, 1993 жылға дейін қызмет істеді. Жүздеген түлектің жүрегінде Михаил Андреевич Геологиялық барлау факультетінің деканы ретінде ғана емес, қатал да елгезек тәлімгер ретінде де қалды.Соғыста кейінгі бейбітуақытта М.А. Жуков қажырлы еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Ұлы Отан соғысындағы жеңіске тылдағы еңбеккерлер, Қазақ кен-металлургия институтының оқытушылары үлкен үлес қосты.
С.Г.Анкинович соғыс жылдары Кенді Алтайда бай полиметалл кен орнын ашты. Бұл кенішті зерттеуге Е.А.Анкинович те қатысты. Осы еңбектері үшін олар Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағын алды. Сондай-ақ, Қаратаудағы ванадий кенін барлағандары үшін С.Г.Анкинович пен Б.А.Тюрин Мемлекеттік сыйлықтармен марапатталды. Соғыс жылдарында өнеркәсіпті дамытуға қосқан үлкен үлестері үшін А.П.Авров, И.И.Бок, К.Г.Войновский-Кригер, Г.Л.Кушев, Г.Ц.Медоев, Н.Г.Сергиев, Д.В.Цветков және басқалар орден-медальдармен марапатталды.
Еңбек майданында Г.П.Болгов, В.П.Гуцевич, Е.В.Кожухов, Г.И.Леонов, К.А.Лисогор, Е.Е.Миллер және тағы басқа жүздеген адам белсенді жұмыс істеді. И.И.Гринбаум, М.Г.Тимашева, В.Г.Шипулиналар әскери зауыттарда еңбек етті.
1947 жылы «Кристография, минералогия және петрография» кафедрасында Қазақстандағы петрология ғылымын ұйымдастырушылардың бірі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақ КСР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, «Орталық Қазақстанның эффузиялары» монографиясының авторы Н.Г.Сергиев меңгеруші болды.
Қазақстандағы гидрогеология мектебінің негізін қалаушы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның ғылымына еңбегі сіңген қайраткер У.М.Ахметсафин 1948 жылдан «Гидрогеология және инженерлік геология» кафедрасының меңгерушісі болды. Ұлттық Ғылым академиясының Гидрогеология және гидрофизика институты У.М.Ахметсафиннің есімімен аталады.
1949 жылы Қазақ Кен-металлургия институтында инженер-геофизик мамандарды даярлау қолға алынды. Осы мақсатта институтта «Іздеу мен барлаудың геофизикалық әдістері» кафедрасы құрылды. Бұл кафедраның меңгерушілігіне сол кезде Днепропетровск Кен институтының доценті, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты болған, кейіннен еліміздегі геофизика мектебін ұйымдастырушылардың бірі болып, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, жоғарғы мектепке еңбегі сіңген қызметкер атанған А.А.Непомнящих сайланды.
1954 жылғы алғашқы түлектердің ішінен ассистент қызметіне В.И.Случанко мен Г.В.Антонов таңдалып алынды. Бұдан кейін кафедрада Б.Г.Бородулин, И.И.Гринбаум және басқалар жұмыс істей бастады.
1960 жылы Қазақ кен-металлургия институты қазақ политехникалық институты болып қайта өзгертілді. Институтта жаңа факультеттер құрылып, жаңа мамандықтар ашылды. «Мұнай-газ кен орындарының геологиясы және оларды барлау» кафедрасын геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақ КСР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, белгілі өнеркәсіпші-мұнайшы, мұнай-газ кеніштерін алғаш ашқандардың бірі П.Я.Авров басқарды. Кафедрада А.Г.Злизина, Л.А.Михайлова бастаған доценттер жұмыс істеді. Алғашқы 23 мұнайшы-геологтар институтты 1962 жылдың желтоқсан айында бітіріп шықты. Солардың ішінде Г.Жолтаев Н.Гурьева, А.Никашкиндер бәрінен үздік шықты. Жоғары оқу орнында ғылыми-зерттеу қызметі қарқынды дамыды. Жоғары оқу орнының көптеген ғалымдары өздерінің ғылыми мектептері мен бағыттарын қалыптастырды. Олардың арасында Қазақстанның Ұлттық Ғылым академиясының академиктері У.М.Ахметсафин, И.И.Бок, Е.Д.Шлыгин, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшелері П.Я.Авров, Г.Л.Кушев, Г.Ц.Медоев, Н.Г.Сергиев, докторлар мен профессорлар Е.А.Анкинович, С.Г.Анкинович, В.Ф.Беспалов, К.Г.Войновский-Кригер, В.К.Монич, А.А.Непомнящих, Б.А.Тюриндер бар.
Ғылыми ойдың одан әрі дамуы Ш.Е.Есенов, М.М.Бакенов, М.А.Ермеков, С.М.Мұхамеджанов бастаған академиктердің, Т.А.Әкішев, Д.А.Әлмұханбетов, С.Ж.Жапарханов, Г.Ж.Жолтаев, Л.З.Злавдинов, Д.С.Қонаев, Е.Л.Лиманов, А.Н.Антоненко, А.Р.Ниязов, Б.И.Русанов, Б.М.Оразаев, Н.Т.Тұяқбаев сияқты докторлар мен профессорлардың, Г.П.Болгов, М.А.Жуков, М.Г.Каримов, Е.Н.Нүсіпов секілді факультет декандарының еңбектерінде өз жалғасын тапты.
1957 жылы Қазақстанның мұнай өнеркәсібі аса үлкен қарқынмен дамыды. Осы дамудың аясында мұнай және газ кеніштерін барлайтын және бұрғылайтын мамандарға деген сұраныс артты. Осы кезден бастап «Геология және мұнай-газ кен орындарын барлау», «Мұнай және газ кеніштерін өңдеу және пайдалану» мамандықтары бойынша кадр дайындау қолға алынды. 1958 жылдан бастап «Пайдалы қазбалар кеніштерін барлаудың техникасы мен технологиясы» мамандығы бойынша студенттер қабылдана бастады. Ал 1966 жылы мұнай өнеркәсібіне қажетті инженер мамандарға деген сұранысты қанағаттандыру мақсатында үш кафедраның базасында өз алдына мұнай факультеті құрылды. Дәл осы жылы Ұңғымаларды бұрғылаудың техникасы мен технологиясы кафедрасы құрылды. Оны ең алғаш техника ғылымдарының кандидаты, доцент В.Воротынцев басқарды. Ал 1986 жылы осы кафедраның негізінде «Мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау» және «Пайдалы қазба кенорындарын барлау техникасы» кафедралары құрылды.
Кафедраға әр жылдары техника ғылымдарының докторы, профессор Е.Лиманов, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Н.Тұяқбаев, техника ғылымдарының кандидаты, профессор С.Аманқұл, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Т.Таңатаров, техника ғылымдарының докторы, профессор М.Мұзапаров жетекшілік етті.
Қазақ Кен-металлургия институты, Қазақ политехникалық институты, бүгінгі Қазақ Ұлттық техникалық университетінің жетпіс бес жылдық тарихында күндізгі бөлімде он мыңнан астам кен инженері дайындалып шығарылған. Соның ішінде «Пайдалы қазба кенорындарын геологиялық түсіру, іздеу және барлау» мамандығы бойынша екі жарым мыңнан астам түлек оқып шықса, «Гидрогеология және инженерлік геология» мамандығы бойынша бітірген түлектердің саны үш жарым мыңға жуықтаған. «Іздеу мен барлаудың геофизикалық әдістері (Кен геофизикасы және құрылымдық пен мұнай геофизикасы)», «Мұнай мен газ кен орындарының геологиясы және оларды барлау» мамандықтары бойынша мың үш жүзден астам түлек бітірсе, «Барлау технологиясы мен техникасы» мамандығымен бітіргендердің саны мың жарымға жуықтаған.
1966 жылы Геологиялық барлау факультеті Геологиялық барлау, Геофизика және Мұнай факультеттеріне бөлінді. Геологиялық барлау факультетінің құрамында мынадай факультеттер қалдырылды: «Пайдалы қазбалардың геологиясы мен оларды барлау». Кафедра меңгерушілері: И.И.Бок (1956-1968 жж.),С.Г.Анкинович (1968-1985 жж.);
«Іздеу мен барлау методикасы». Кафедра меңгерушілері: Г.Л.Кушев (1959-1978 жж.), Ш.Е.Есенов (1978-1994 жж.);
«Геологиялық түсіру мен іздеу». Кафедра меңгерушілері: Г.Ц.Медоев (1961-1987 жж.), А.И.Авдеев (1987-1988 жж.), А.Р.Ниязов (1988-1992 жж.);
«Кристаллография, минералогия және петрография». Кафедра меңгерушілері: Е.А.Анкинович (1964-1988 жж.), Т.М.Әлжанов (1977-1995 жж.); «Тарихи және аймақтық геология». Кафедра меңгерушілері: Е.Д.Шлыгин (1937-1978 жж.), Д.С.Қонаев (1979-1994 жж.);
«Гидрогеология және инженерлік геология». Кафедра меңгерушілері: С.В.Левин (1955-1972 жж.), С.М.Мұхамеджанов (1972-1986 жж.).
Геофизика факультетінде (декандары – М.Г.Каримов, Е.Н.Нүсіпов) алғашында «Барлаудың геофизикалық әдістері» мен «Физика» кафедралары болды. 1969 жылы А.А.Непомнящих (1950-1982 жж.) жетекшілік еткен «Кеннің геофизикасы» кафедрасы құрылды. Сондай-ақ, «Құрылымдық және мұнай геофизикасы» құрылды. Кафедра меңгерушілері: Д.В.Цветков (1969-1980 жж.), Б.М.Оразаев (1980-1990 жж.), Е.Н.Нүсіпов (1990-1994 жж.). Гидрогеология мамандығы бойынша инженерлер санының ұлғаюына байланысты 1980 жылы Гидрогеология факультеті құрылды. Деканы геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, ВАСХНИЛ-дің корреспондент-мүшесі С.М.Мұхамеджанов болды. Бұл қызметте, сондай-ақ, Г.Г.Коваленко, А.Г.Сәтбаев, Ә.М.Мұсанов жұмыс істеді. Кейіннен әртүрлі құрылымдық өзгерістер болды, Геологиялық барлау факультетімен біріктірілді. Әр жылдары оның құрамында әртүрлі кафедралар болды.
Ғылыммен және өндіріспен тығыз ынтымақтастыққа бағытталған жоғары білімнің жаңа концепциясын іс жүзіне асыра отырып, 2000 жылы университетте бұрыннан жұмыс істеп тұрған факультеттер негізінде бірқатар институттар құрылды. Солардың арасында Геология мен мұнай-газ ісі институты құрылды. Соңғысының директоры доцент Т.А.Еңсепаев, ал оның орынбасары болып профессор В.Н.Антоненко, доцент А.А.Жүнісов, К.Б.Әбілқасымов қызмет етті. Ал 2001 жылдан бастап «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығы бойынша кадр дайындау қолға алынды. Институт үш жыл осылай аталып, 2003 жылы Геологиялық барлау институты болып қайта құрылды. Институтты 2008 жылдың қыркүйек айына дейін геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Д.Калитов басқарды. 2006 жылы институтқа белгілі қоғам қайраткері, ғалым , геолог Қаратай Тұрысовтың есімі берілді. Қазіргі директоры – геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор М.Ш.Өмірсеріков. Бұл институттың құрамында геологиялық бағыттағы көне кафедралар бар.
Гидрогеология және инженерлік геология кафедрасы. Кафедра меңгерушісі геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Заппаров Медетхан Расылханұлы. Геологиялық түсіру, пайдалы қазба кенорындарын іздеу және барлау кафедрасы. Кафедра меңгерушісі геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Жүнісов Ақылбек Асырарқұлұлы.
Геофизика кафедрасы. Кафедра меңгерушісі геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Әлқуат Нұрмағамбетов. Жалпы геология, минералогия және петрография кафедрасы. Кафедра меңгерушісі геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Байбатша Әділхан Бекділдаұлы. Ұңғымаларды бұрғылаудың техникасы мен технологиясы кафедрасы. Кафедра меңгерушісі техника ғылымдарының кандидаты, доцент Қасенов Алмабек.